Атырау облысының тұрғындары Парижде өтетін ойындардың қатысушыларын ерекше салтанатпен қарсы алды. Спортшылармен қатар, олардың отбасылары, жақын туысқандары және жанкүйерлер әуежайға жиналып, қолдау көрсету үшін көптеп жиналды.
Айта кетерлігі, аталмыш жарыста отырып ойнау волейболы бойынша ұлттық құраманың басым бөлігі біздің аймақтың спортшыларынан құралған. Біздің командада он екі спортшы болса, оның сегізі Атыраудан. Олардың арасында Қуаныш Тәжіков, Бауыржан Сартаев, Пердебай Намұратов, Ақылбек Шикібаев, Берік Ізмағанбетов және Жанғали Сүйеуов сияқты танымал ойыншылар бар. Бұған қоса, Нұртау Мұқанбетқалиев пен Ерлан Битеміров те команда құрамында өнер көрсетіп, жарысқа қатысқан. Команданың жалпы нәтижесі бойынша бесінші орынға ие болды. Тағы бір қуанышты жаңалық, біздің команданың бас жаттықтырушысы да Атыраудан! Оның қосымша екі бапкері Тұрлан Қаратаев пен Ернар Матеуов та жерлестеріміз.
— «Атырау облысының параволейбол командасы 2002 жылы құрылды. Осы байрақты бәсекеге біз жыл бойы үздіксіз дайындалып, біріккен оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Кеше өткен дүбірлі додада жүлделі орынға қол жеткізуге толығымен мүмкіндік болды, бірақ аз ғана сәтсіздік кедергі келтірді. Атап айтқанда, жігіттер Босния командасымен өткен кездесуден кейін тез қалыпқа келіп үлгермеді. Бірақ бұл біз үшін алғашқы қатысу, тәжірибе жинақтау болды. Спортшылар өз ойын деңгейінде өнер көрсетті, келешекте Олимпиада ойындарында жеңіспен оралатынымызға сенімдімін. Волейбол командалық ойын, сондықтан жеңу оңай болмайды. Десе де, біздің спортшылар сауатты ойын көрсетті. Параолимпиаданың жеті дүркін чемпионы, бес мәрте күміс жүлдегері Босния командасымен тең ойнай алдық. Әлемдік рейтингте тұрғстан Бразилия командасын 3:0 есебімен жеңіп, Париждегі алғашқы ойынымызда алаң иелерімен де 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатынбыз. Египетке жіберілген жеңісіміз жартылай финалға өтуді қиындатты. Екі жылдан кейін әлем және Азия чемпионаттары өтеді. 2028 жылдағы Лос-Анджелесте өтетін параолимпиада ойындарына оптимистік көңіл-күймен дайындық жүргіземіз, себебі жастарымыз мықты», — дейді команданың бас бапкері Бауыржан Тахауов.
Спортшыларды әуежайдан қарсы алу шарасы кезінде біз бұқараның мүмкіндіктері шектеулі болса да, он екі мүшесі сау адамның қолынан келмейтін тамаша жетістіктерге жетіп жүрген осындай батырларға деген құрметі мен сүйіспеншілігінің ерекше екенін байқадық. Бұл сәттер, шын мәнінде, бірігу мен қолдаудың, еліміздің болашағына деген сенімнің жарқын үлгісі болды.
Атырау спортшыларының табыстары тек өздеріне ғана емес, барша елімізге үлгі болып, жастарды спортқа ынталандыруға мүмкіндік береді. Ұлттық құрамада өнер көрсетіп, еліміздің туын көтерген әрбір ойыншының еңбегі мен жетістігі абыройлы әрі мақтан тұтарлық. Параолимпиада ойындарына қатысу — бұл жаңа мүмкіндіктер мен тәжірибелер әлемі, сондықтан команда мүшелері келесі жарыстарда да нәтижелі өнер көрсетуге тырысады, ал біз олардың жетістіктерін үлкен сүйсініспен күтеміз.