Цифрландыру үрдісі университеттердегі әкімшілік және академиялық қызметтерді неғұрлым тиімді етуге мүмкіндік туғызып отыр. Қазақстанда туризм мамандығын таңдаған студенттер бакалавр дәрежесін енді 3 жылда аяқтай алатын болды. Бұл өзгеріс жайында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Жаңа оқу бағдарламасы студенттерге уақытты тиімді жұмсауға және кәсіби ортаға жылдам енуге мүмкіндік береді, сонымен қатар ел экономикасына оң әсерін тигізу үшін білікті мамандардың санын арттыру мақсатын көздейді.

Халықаралық туризм және меймандостық университеті триместрлік оқу жүйесін алғашқылардың қатарында енгізе отырып, бакалавр дәрежесін 3 жылда алуға мүмкіндік берді. Оқу үдерісі дуалды оқыту моделімен жүзеге асуда, мұнда 60% өндірістік тәжірибеден, 40% теориядан тұрады.
Цифрландыру аясында университетте бизнес-процестерді жүйелі түрде цифрландыру қолға алынады. Мультимедиа студиясының ашылуы - осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл студия цифрлық білім беру ресурстарын дамыту және студенттерге интерактивті білім алу мүмкіндігін ұсынуға бағытталған.
Оқу процесі толық цифрландырылып, студенттерді тіркеу, бағалау және үлгерімді бақылау бойынша барлық қызметтер біріктірілген. Нәтижесінде, былтыр 460 студенттің 92,8%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Мұның бәрі университеттің білім беру сапасын арттыру және студенттердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жасалуда.